Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Ақтау қаласының маңыңда Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін, тиісті органдар дереу іске кірісіп, құтқару операция аясында қажет шаралар қабылданды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.
- Кеше Маңғыстау облысында болған ұшақ апаты бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Өкінішке қарай, апат салдарынан экипаж мүшелері мен жолаушылар қаза тапты. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар екені белгілі. Осыған байланысты барлық қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, - деді М.Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Бұл тұрғыда ол төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік комиссия құрылғанын еске салды.
- Соған сәйкес тиісті органдар дереу іске кірісіп, құтқару операция аясында қажет шаралар қабылданды. Дер кезінде қолға алынған осындай жұмыстар зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз және тілектестігізді білдіреміз, - деді Сенат төрағасы.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
Еске салсақ, Әзербайжан елордасы Бакуден Ресейдің Грозный қаласына бағыт алған Azerbaijan Airlines ұшағы Қазақстан аумағында апатқа ұшырады.
Ақтаудағы ұшақ апатының хронологиясы жарияланды.
Ақтаудағы әуе апатынан мерт болған қазақстандықтар анықталды.
Кейіннен ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетіні айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.