21 қыр, 2016 сағат 10:47

Аудандық газет, ахуалың қалай?

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, аудандық газет­тердің жай-жағ­дайы туралы мәсе­ле биыл сексен жылдық мерей­тойын тойлайтын Алматы облы­сы­ның На­рын­қол аудан­дық «Хантәңірі» газе­ті­нің проблема­сынан басталған еді. Газет мерейтойын тойламақ түгілі, жабылудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді. Кезінде классик жазушы Бердібек Соқпақбаев, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Баққожа Мұқай сынды қаламгерлердің шығармашылық шабытын маздатқан, қуат берген аудандық газеттің қазіргі халі мүшкіл. Бұл жөнінде республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері Беркін Әкебаев дабыл қағады.

«Хантәңірі» газеті туралы проблема «Егеменнің» меншікті тілшілеріне басқа аудандық газеттердің ахуалы төңірегінде зерттеу жүргізуге түрткі болды. Басылым оқырманының мақаласына қоса, бүгін екі аймақтан жазылған сараптаманы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Басшылар БАҚ-ты бағалай білсе…

Торғай кентінің қарт тұрғыны Жұмақан Сәдуақасов ақсақал «Біздің Торғай» газеті кешіксе іздей бастайды, редакцияға қоңырау шалады немесе таяғына сүйеніп өзі келеді. Ғұмыр бойы аудандық газетті жаздырып алатын ол газет кешіксе бір заты жоғалғандай мазасыздана бас­тайды. Газеттен туған жердің тарихы, Торғай жеріндегі көз көрген игі жақсылар, халқының дәстүрі мен салты, жастардың тәрбиесі туралы жылы мақала оқыса кәдімгідей сергіп қалады. «Аудан әкімі не бітіріп жатыр екен, кім келіпті, кім қойыпты?» деген сипаттағы ақпараттарға да елеңдейді. Редактор Гүлім Смағұл қарт оқырманға газеттің кешігу себебі, оны жеткізетін «Қазпошта» қызметіне байланыс­ты екенін түсіндіріп, жылы сөзімен шығарып салады.

«Біздің Торғай» газетінің редак­циясындағы бухгалтерді қоспағанда редактор, бір тілші, беттеуші және хатшы бал жинаған арадай жүгіріп, жаяу-жалпылап мақалаға өзек болатын ақпаратты іздейді. Өткен жылы күзде газет жартылай жекешелендірілген болатын. Дегенмен әлі аудан әкімдігінің толық қолдау-көмегімен шығып отыр. Таралымы өткен жылы 1,5 мың дана болды. Бұл аудан тұрғындарының жалпы санына шаққанда он пайызды құрайды. Жанкелдин ауданындағы елді мекендер Торғай кентінен ең кем дегенде 30-40 шақырым, тіпті көпшілігі 70-100 шақырымда жатыр. Газетті «Қазпоштаның» аудандық, ауылдық бөлімшелері жеткізеді. Редактор Гүлім Смағұлдың айтуына қарағанда, газет оқырманына бір аптаның ішінде жетсе – көңілге демеу.

Облыстағы аудандық, қалалық басылымдар арасында «Біздің Торғайдан» бөлек көрші Амангелді аудандық «Амангелді арайы» газеті таза қазақ тілінде шығады. Оның таралымы бүгінде 1800 дананы құрайды. Ауданның халқы қазір 17 мыңнан асады.

– Ауданда 2400-дей отбасы бар. Бір үйде бірнеше оқырман бар деп есептейміз, сондықтан біз қазір оқырмандарымызды жарыдан ауа қамтып отырмыз. Биылғы баспасөзге жазылу науқанында таралымды 2200-ге жеткізу ойымызда бар, – дейді газет редакторы Хамитбек Мұсабаев. Өткен жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналып, газет толық жекешелендіруге көшті.

– Алғашқыда газеттің жеке­шелен­дірілуінен қорқа тартқанбыз. Қазір біз түсіндік, редакция ұжымында «газет – асыраушымыз» деген түсінік басымдыққа ие болып келе жатыр. Сол үшін ұжымдағы бес адам тынбаймыз, ізденсек ғана табыс келеді, – дейді редактор. Дегенмен, газеттің меншік формасы өзгергенімен, жағдайдың бұрынғыдан аса өзгеріп кетпегені байқалады. Газетке табыс таралымы, жарнама және аудан әкімдігінің ішкі сая­сат бөлімі жасаған мемлекеттік тапсырысы арқылы келеді. Осы қаражат­тың барлығын қосқанда уақыт талабына, оқырман талғамына сай басылымның дизайнын дұрыстау, сайтты жолға қою, бет санын көбейту, кадр біліктілігін көтеру секілді газеттің заманауи сілкінуіне мұрша келмей отыр. Аудан негізінен мал шаруашылығы, онда да малдың көбі жеке секторда. Сондықтан газетке хабарландыру, құттықтау, көңіл айту секілді ұсақ-түйектен ғана ақша түседі. Хамитбек Мұсабаевтың айтуынша, газет материалдары да жергілікті оқырманның көңіл қалауын ескереді. Негізінен 8 және ішінара 12 бет болып шығады.

Торғай өңіріндегі осы екі басылымнан басқа Қостанай облысының аудандары мен қалаларындағы газеттер негізінен орыс және қазақ-орыс тілдерінде басылады. Қалаларды айтпағанда, аудандық газеттердің ең көп таралымы 4800 дананы құрайды. Ал өндірісті Рудный қаласындағы «Рудненский рабочий», «Магнетит» газеттерінің таралымы 13-17 мыңға жетіп жығылады. Облыс аттас Қос­танай аудандық «Арна» газеті 3500 таралымы бар аудандық ірі газеттің бірі. Аптасына бір рет 16 бетпен, қажет кездері 32 бетпен шығады. Алайда облыс орталығының іргесіндегі аудан халқының саны 70 мың шамасында екенін ескерсек, газет таралымы оның он пайызын да ала алмай отыр. Газет редакторы Жұмакүл Ерқасымова бұл жағдайдың бірнеше себептерін алға тартты.

– Газетті басқарғаныма он бес жыл болды. Осы уақыт ішінде байқағаным, жыл сайын мерзімді басылымға жазылу көрсеткіші төмендеп келеді. Оның басты себебінің бірі – адамдардың газетке қызығушылығы, оқуы нашарлап кетті. Сауалнама жүргізгенімізде олардың басым көпшілігі газетті оның электрондық нұсқасынан оқып отыратынын айтты. Газеттің сайтын тек қостанайлықтар ғана емес, шетелден, Ресейден, Белоруссиядан, Германиядан қарайтындар бар. Біздің байқауымызша, жыл сайын біздің сайтқа кіретіндер саны артып келеді. Бұл бір жағынан қуанышты да шығар, екінші жағынан өкінішті. Себебі сайттың оқырманы көбейгенімен, біз одан табыс тауып отырғанымыз жоқ, – дейді редактор Жұмакүл Маратқызы. Облыс орталығына жақын аудан болса да газеттің табысы таралымнан және аудан әкімдігі жасаған мемлекеттік сұраныстан түседі. Ірі аудан болғанымен газет жарнамаға жарымайды.

– Қазір кәсіпкерлер де, кәсіп­орын­дар, жалпы бизнес саласында­ғылар жарнаманың өздеріне арзан түсетін түрлерін тауып алған. Хабарландыруларын, жарнамаларын өздерінің сайтына орналастырады, көшеге іледі, жүргіншілерге парақшалар таратады, әйтеуір газетке беруге ықыласты емес, – дейді редактор. Жалпы оқырмандарды тарту газет редакциясының күн тәртібінен, іс-жоспарынан түспейді.

Аудандық газеттердің көпшілігі секілді «Арна» газеті де таралымның аздығын «Қазпошта» қызметінің нашарлығына саяды. Ауылдарда пошта қызметкері күні бойы отыр­майтындығын, газеттердің уақытылы жеткізілмейтіндігін айтады. Бұл енді тек аудандық газеттер үшін ғана емес, барлық басылымдардың басында бар, айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Қыс айларында басылымдарды елді мекендерге жеткізу тіпті баяулайды. Қандай меншік түрінде болса да, аудандық, қалалық газеттердің аудан әкімдігімен «илегені бір терінің пұшпағы», сол өңірдің мұңын мұңдайды, жырын жырлайды. Мұны түсінген әкімдер аудандық, қалалық газеттерге қол­дау-көмегін көрсетіп, бірлесіп жұ­мыс істеп отыр. Ондай газеттердің жағдайы да жаман емес. Мысалы, Таран аудандық «Шамшырақ-Маяк» газетінің таралымы соңғы жылдары 2600 данадан 3500-ге бір-ақ көтерілді. Газеттің жылдық бюджеті екі есеге жуық өсті. Редакция ұжымы отыратын ғимарат еурожөндеуден өткізілді. Журналистер саны артты, өзге аудандық газеттер редактордан бөлек бір ғана тілші ұстаса, мұнда 5 журналист қызмет етеді. Көлік берген. Осыған сәйкес аудан әкімі Бақберген Өтеулиннің де талабы бар. Ол журналистерден аудан өмірін шынайы көрсетуді, ұсақ кемшіліктерге дейін жазуды ұсынады.

– Әкім «аудандық газет – аудан­ның айнасы болуы, оның назарынан ештеңе сырт қалмауы тиіс» деп, сын материалдарға көңіл бөлуді тапсырады. Сын материалдарға, оқырмандар газеттен сауға сұрап жазған шағымдарға аудандық прокуратураның назарын аударып отырамыз. Газет көтерген мәселенің нәтижесі болуы керек, – дейді редактор Айбатыр Ахметбеков. «Арна» жалқы емес, облыста сапасы, таралымы, дизайны, мазмұны, тіпті жарнама тарту жағынан әріптестерінен оқ бойы алда келе жатқан Қарабалық аудандық «Айна» газетін оқырмандар іздеп оқиды. Алайда облыстағы аудандық газеттердің барлығы бірдей мұндай емес, кейбір аудандық газеттер әлі де жұпыны. Мысалы, Қамысты аудандық «Қамысты жаңалықтары» газеті 650 данамен таралады. Мұндай таралымы аз, әлжуаз басылым Елбасының саясатын, елді экономикалық дамыту бағдарламаларын, аудан әкімінің жасап жатқан істерін оқырманға қалай жеткізеді?

Жалпы, облыста 30 аудандық-қалалық мерзімді басылым шығып тұрады. Оның 23-і саяси-қоғамдық газеттер де, қалған 7-уі жарнамалық басылымдар. Кадрлармен қамтамасыз ету, газеттерді елді мекендерге уақытылы жеткізу аудандық басылымдардың ортақ проблемасына айналған. Екі тілде шығатын аудандық, қалалық газеттерде мемлекеттік тілдегі мақалалар тым аз, қораш. Мақтауын келтірген «Айна» газетінің өзі қазақ тіліндегі мақалалар мен ақпараттарды бір беттен асырмайды. Кадр жоқ дейді. Биыл А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналис­тика мамандығы бойынша орыс және қазақ топтарында 35 түлек бітірді.

– Жыл сайын түлектердің шамамен 80 пайызы жұмысқа мамандығы бо­йынша орналасады. Алайда аудандарға жастардың ілуде біреуі ғана барады. Жітіқара, Лисаков, Рудный, Арқалық қалаларына баруға ниет еткендер тым сирек. Түлектердің барлығы Астана және басқа қалаларға кетеді, облыс орталығында қалады. Өйткені жас журналистерді жағдай жасап шақырған аудан әкімдерін әлі кездестірген жоқпыз, – дейді журналистика кафедрасының меңгерушісі Алматай Жүсіпова.

Аудандық, қалалық газеттер оқырман талғамына толық сай болуы үшін ол оқырманның соңында емес, алдында жүруі тиіс. Уақыт, қоғам тынысын дөп басқанда ғана оқырман газетті іздейтінін біз тілдескен ре­дак­­торлардың өздері де айтты. Таралым көбейген сайын газеттің табысы да артады. Газетке қанша материалдық жағдай жасалғанымен, оның мазмұндық сапасын көтеретін тек маман журналистер екені белгілі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА

«Егемен Қазақстан», Қостанай облысы

Басылым да заманға сай болуы тиіс

Жасыратыны жоқ, Жамбыл облысы бұқаралық ақпарат құралдары саны жағынан мақтана алмайды. Небәрі 170 шақырым қашықтықта жатқан шырайлы Шымкент шаһарындағыдай ай сайын бір газет ашылып, ақпарат майданы қып-қызыл өрт болып жалындап жатқан жоқ. Рас, облыс орталығында бірді-екілі тәуелсіз газеттер бар. Олардың көбісі орыс тілінде және негізінен жарнама таратудың арқасында күнелтіп отыр. Ал аудандарға келер болсақ, бүгінде тек Меркі ауданында ғана екі-үш жекеменшік газет-журнал жарық көреді.

Бір жақсысы, нарықтың қандай қиын кезеңдерінен өтсе де, аудандық газеттер жабылып қалған жоқ. Штаты қысқарды, таралымы азайды, орыс-қазақ редакциялары қосылып кетті, әйтеуір бұл басылымдар қандай тар жол, тайғақ кешуден өтсе де ауданның тыныс-тіршілігін бұқараға жеткізуден еш жаңылған емес. Әйтсе де соңғы жылдары «Аудандық газеттер жекеменшікке сатылады екен» деген әңгіменің қоюлана бастағаны рас. Алғашында «Әрең-әрең күнелтіп отырған аудандық басылымдарда қандай пайда бар? Ешқандай кәсіпкер сатып алмайтын шығар-ау…» дегендер де болған. Бірақ нарық өз дегенін істейді екен. Бүгінде Жамбыл облысындағы барлық аудандық газеттерде жекеменшіктің үлесі бар.

Атап айтар болсақ, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі, Байзақ, Талас, Мойынқұм, Шу, Жуалы, Жамбыл аудандық газеттерінің 51 пайыз үлесі жергілікті қаржы бөлімінің меншігінде болса, қалған 49-ы жеке кәсіпкерлердің иелігінде. Тек Сарысу ауданы мен Тараз қаласының әкімдігі өз қолдарында газеттің 90 пайыз үлесін ұстап отыр. Таралым жағына келетін болсақ, Тараз қалалық және Талас, Қордай аудандық газеттері 9 мыңнан астам тиражбен жарық көріп жатса, қалғандарының екі жарым мен бес мыңның арасында оқырмандары бар.

Әрине, аудандық газеттер жағдайының жақсы-жаман болуы сол аудан әкімінің басылымға деген көзқарасына тікелей байланысты екенін жасыруға болмас. Содан болар мұндай басылымдар аудан әкімінің әрбір іс-шарасын көпіртіп жазып, онсыз да алақандай газет бетін тиімді пайдалана алмай жататыны бар. Енді жеке кәсіпкерлер газет өміріне қандай серпін әкелді?

– Газет меншігінің жартысына жуығы жекемен­шіктің үлесіне тигелі бері жұмысымызды тағы бір пысықтап, жандандырғанымыз рас, – дейді Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов. – Бірақ ешқандай штат қысқару мәселесі орын алған жоқ. Тағы бір жағымды жаңалығымыз – газетіміз облыс орталығында басылып, түрлі-түсті болып шыға бастады. Одан бөлек жеке кәсіпкердің арқасында жаңа компьютерлер алып, жұмысымызды жеңілдеттік. Сондай-ақ газетімізде мазмұн жағынан да көптеген өзгерістер болып жатыр. Кадр жағынан ешқандай мәселе жоқ. Тілшілеріміздің бәрі өз ісін білетін алғыр мамандар.

Аудандық газеттер жекеменшікке сатылғалы бері жағдай­лары тіптен жақсы болып кетті деуге болмас. Құжат жүзінде «сатылды» дегені болмаса, аудандық әкім­діктен бұрынғыша мемлекеттік тапсырыс бо­йынша қаржыларын алып, жұмыстарын бұрынғыша жалғас­тырып келе жатқан басылымдар да бар. Бұл жерде істің тетігі сол газет басшылығында отырған азамат­тардың қолында сияқты. Жергілікті билікпен де, жеке кәсіпкермен де тығыз қарым-қатынас жасап, екі жақ­тың да тілін таба білсе, газеттің жұмысы жандана­тыны анық. Әкімдікті қайдам, кәсіпкерлер пайда жоқ жерге аттап аяқ баспайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан аудандық газеттерге жекеменшіктің араласуы бұл басылымдардың мазмұнының өзгеруіне, сапасының жақсаруына тікелей әсер етуі тиіс. Заманға сай бейімделіп, жаңаша газет шығару қажет. Әйтпесе тек аудандық әкімдік бөлген қаржыны бұрынғыша жұмсап, өз бидайын өзіне қуырып беру ешкімге абырой әпермейтіні анық.

Қалай айтсақ та өңірдегі аудандық газеттердің ахуалы нашар деуге келмейді. Қоңырқай, бірқалыпты орташа тірлігімен-ақ ауыл халқын ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр. Енді заман өзгерді, құрылымы өзгерді, соған сай газет беті де өзгере алса, қанеки!

Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

«Хантәңірі» жабылу алдында тұр

Ауылда тұрмағанымызбен, аудан өмірін баспасөз арқылы үнемі біліп отырамыз. Жақсы істеріне қуанып, кейбір кемшіліктеріне «әттеген-ай» деп қалатынымыз тағы бар. Жақында елге барған едім. Жасымыздан сүйіп оқитын аудандық «Хантәңірі» газетінің ауыр жағдайын көріп, қатты қиналдым.

Тарихы сонау 1936 жылдан басталатын Райымбек аудандық «Хантәңірі» (бұрынғы «Советтік шекара») газетінде кезінде Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Баққожа Мұқаи, Әлнұр Мейірбеков, Еркін Ібітанов, Дәулет Желдікбаев, Айтақын Әбдіқалов, Батық Мәжитұлы, Мінуар Әкімханов, Рысбек Сәрсенбаев сияқты елге танымал жазушылар мен журналистер жұмыс істеген. Сол газет «Жетісу-ақпарат» медиахолдинг мекемесі таратылған соң, былтырдан бері 50 пайызы аудан әкімінің, ал қалған 50 пайызы редакцияның қарамағына беріліпті.

Биылғы жылы мемлекет тарапынан баспасөзге қолдау көрсетіп, «Хантәңірі» газетіне 16 миллион тең­ге қарастырылыпты. Заман талабына сай аудандық әкім­шіліктің ішкі саясат бөлімі тендер өткізген. Алайда белгісіз себептермен ақпан айында өткізілуге тиісті тендер төрт ай кешіктіріліп, 23 маусымда өткен. Тендерден 4,5 миллион теңге көлемінде ұтып алған қаражат редакцияға осы күнге дейін түрлі сылтаулармен берілмеген. Қаражаттың жетпеу салдарынан түрлі коммуналдық шығындарды төлеу мүмкін болмаған. Амалдың жоқтығынан бес журналист кезексіз, еңбекақысыз демалысқа жіберілген. Алматы қаласындағы «Алматы Болашақ» баспаханасына 917 мың теңге қарыз көрінеді. Жыл басынан бастап олар басылымнан түскен қаражатпен ғана қызметкерлерге еңбекақы төлеп келген. Еңбекақы демекші, олардың жалақысының алды 150 мыңнан асса, төменгі жалақылары 39 мыңнан аз ғана көп екен. Соның өзін уақтысында бермей отырған шенеуніктерге қалай ренжімейсің.

Газетке аудан басшыларының жете мән бермеулері салдарынан ол өз жұмысын тоқтатудың алдында тұр. Сексен жылдық тарихы бар осы басылым бұрын-соңды осындай қиын жағдайда қалып көрген емес. Ол – ауданның бетке ұстар айнасы. Ауданның барлық жақсы жұмыстарын асырып, жамандарының кемшіліктерін айтып, сол олқылықтарды дер кезінде түзетуге ықпал жасап отыратын басылымға көңіл бөлмеу – аудан әкімдігіне, оның тиісті бөліміне үлкен сын.

Кейінгі жылдарда ауданнан басқа жаққа қоныс аударушылар азаймай отыр. Олардың көшу себептерін анықтап, талдау жасау, тізімдерін алып, есеп жүргізу, көшуді болдырмаудың жолдарын қарастырып, жұмыс орындарын ашу сияқты тағы басқа өзекті мәселелерді газет беттерінде жариялап отырса, бұл үдерістің азаюына септігі тиген болар еді. Аудан басшылары осындай өзекті мәселеге жете көңіл бөлулері қажет сияқты. Журналистердің жағдайлары ойдағыдай болмаса, олар қаражат жағынан қысылып жатса, олардан жұмыс талап ету орынсыз болатынын түсіне білгеніміз дұрыс.

Иә, бүгінгі аудандық газеттің ахуалы осындай. Оған ауданның атқамінерлері не дейді? Ел-жұрт бұған қалай қарайды?

 Беркін ӘКЕБАЕВ, республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері

 Алматы облысы, Райымбек ауданы

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:

Алматы облысы Нарынқол аудандық «Хан­тәңірі» газетінің тағдыр-талайына қатысты об­лыстық ішкі саясат басқармасынан төмендегіше хат келіп түсті:

«Алматы облысы ішкі саясат басқармасы рес­пуб­ликалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері Беркін Әкебаевтың хатына сәйкес, 2016 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс­ты жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен Райымбек ауданына 16 млн 538 мың теңге бөлі­ніп, бұл қаражат Райымбек аудандық ішкі саясат бөліміне толықтай аударылғандығын хабарлайды.

Сатып алу жеңімпазын анықтау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді».

Хатқа облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Алпысбаев қол қойған.

Сонда аудандық ішкі саясатқа әлдеқашан аударылған қаржы «Хантәңірі» газетіне не үшін берілмей отыр? Қалай болғанда да аудандық газет­тің тендерде ұтып алған 4,5 миллион теңгесі әлі күнге шейін редакцияның есеп-шотына ауда­рылмағандығы күдік тудырады. Бұл биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында Елба­сы­ның мемлекеттілікті нығайтудағы сындарлы саясатын газет оқырмандарына жеткізуге жасалып отырған кедергі емес пе? Оған қоса аудан көле­міндегі жаңалықтарды, өткізіліп жатқан шараларды аудандық газет жазбағанда қай газет жазады? Азаттық алғанымыздың ширек ғасырлық мерейтойын тойлатып жатқанда, «Хантәңірі» сынды тарихы тереңде жатқан газеттің жабылуы Райымбек ауданы әкімдігіне үлкен сын болатыны анық.