Атырауда республикалық ақындар айтысы өтті. Додаға еліміздік түкпір-түкпірінен 20 ақын қатысып, бақтарын сынады. Бас жүлдені қарағандылық ақын Мақсат Аханов еншіледі. Жеңімпазға 2 миллион теңге ақшалай сыйақы табыс етілді.
«Асқақ рухты Атырау» деген атпен ұйымдастырылған бәйге екі күн бойы 19-20 қараша аралығында Махамбет атындағы облыстық драма театр сахнасында өтті. Ақындар өлеңдеріне Атырау халқының қонақжайлығын, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, қоғамның түйткілді мәселелерін арқау қылды. Айтысты халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман жүргізіп, Асанәлі Әшімов төрағалық еткен қоғам қайраткерлері қазылық етті.
Айтыстың бас жүлдесін табыстаған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Айтыс Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Ақындар көтерген мәселенің бәрі өзекті. Қазақтың баласы қай жерде жүрсе де халықтың қамын ойлап жүруі тиіс. Атырау айтыскерлерді қарсы алуға әрқашан дайын», - деді.
Жүрсін Ерманның айтуынша, айтыстың деңгейі жылдан-жылға артып келеді. «Қазір республиканың барлық өңірінде ақындар мектебі ашылып, жұмыс жасап отыр. Сол ортадан шыққан жас ақындар бүгінде айтыстың аламанында топ жарып жүр. Республикада айтыс өнеріне қолдау танып отырған төрт әкім болса, солардың бірі - Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев», - деді ол.
Айтыста Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина бірінші орынға ие болды. Астаналық Мейірбек Сұлтанхан мен БҚО-ның ақыны Бауыржан Ширмеденұлы екінші орынды қанжығаларына байлажы. Ал, жүлделі үшінші орын атыраулық Жәнібек Садыров, астаналық Серікзат Дүйсенғазин және қызылордалық Иранғайып Күзембаевқа бұйырды.