ҚР ІІМ видеосынан кадр
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза болуына қатысты іс бойынша күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Өңірлік прокуратураның мәліметінше, ол стационарлық кешенді сот-психолого-психиатриялық сараптама жүргізу үшін Алматыдағы сот сараптамасы институтына жіберілген. Сараптама қорытындысы әзірге дайын емес.
Бұған дейін Мұқанғалиева сот санкциясымен Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған болатын. Прокуратура өкілдері күдіктіден психикалық ауытқу белгілері анықталған жағдайда, қосымша сараптама Алматыда өтетінін хабарлаған.
Қазіргі уақытта күдіктіге нақты айып тағылмаған, бұлтартпау шарасы да таңдалмаған. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, іс бойынша түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жайлар анықталып, сараптама нәтижелері алынғаннан кейін беріледі.
Сонымен қатар, іс бойынша негізгі күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты да кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Оның нәтижесі де әзірге шықпаған.
Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, екі немесе одан да көп адамды өлтіру, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық және алаяқтық фактілері бойынша тергеу жүргізілуде.
Прокуратураның мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың мүлкін иемдену және малын заңсыз сату деректерімен байланысты.
