15 нау, 2024 сағат 17:28

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны басталды


Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны басталды. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және құрылтай мүшелері қатысып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін құрылтайдың алғашқы жиыны ұлт ұясы - Ұлытауда өтті. Былтыр түркі әлемінің алтын бесігі Түркістанда жалғасқан еді.

Түске дейін ҚР Президентінің көмекшісі Руслан Желдібайдың модераторлық етуімен «Азаматтық қоғам» секциясы, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның модераторлығымен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясы жұмыс істеді.

Ал түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясының, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлық жасауымен «Білім және ғылым» секциясының отырысы өтті.

Жалпы алғанда, төрт секцияның жұмысында Ұлттық құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді.

Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге, мәдениет саласын қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, көші-қон мәселесін реттеуге және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды.

Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді.