04 мам, 2021 сағат 14:32

Атырауда субұрқақтар құрылысын жүргізген мердігерді тексеру жүргізілуде


Атырау қаласындағы субұрқақтар құрылысын жүргізген мердігерге қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылы 9 субұрқақ құрылысының жобасы әзірленген. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, ал, мердігер «Еңбек» РМК. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін келісімшарт 2019 жылғы 23 мамырда жасалған. 

«Жобаға сәйкес, субұрқақтар құрылысы Балықшы кентіндегі А.Құнанбаев көшесінде, Құрманғазы атындағы, Қ.Смағұлов атындағы скверде, Құрманғазы атындағы мәдениет үйі ғимаратының алдында, Авангард шағын ауданындағы Жеңіс саябағында, Сәтпаев көшесінде орналасқан Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академия ғимаратының алдында жүргізіледі. Былтыр, 2020 жылдың мамыр айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мердігердің бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Соның салдарынан құрылыс тоқтатылды» - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Белгілі болғандай, келісімшарттың жалпы сомасы 1 092 482 277,60 теңгені құраған. Ал, орындалған жұмыстар актісіне сәйкес 2019 жылы мердігер мекемеге 816 070 000 теңге аударылған. 

«Бүгінде ақау тізімдемесі толтырылуда. Соның негізінде техникалық тексеру жүргізіледі. Қорытынды алынғаннан кейін құрылысты жалғастыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Мердігер ұйым орындалмаған жұмыстардың құнына сәйкес мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілетін конкурста анықталады. Субұрқақтарды қайта жаңарту техникалық тексеруден кейін келісімшарттағы қалған қаржыны жұмсау арқылы аяқталады», - деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.