Атырауда наубайханада заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл дерек «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде тіркелген.
«Учаскелік полиция қызметкерлері облыс орталығындағы Атырау шағын ауданында орналасқан наубайханада жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасының 6 азаматын анықтады. Тексеру барысында 3 өзбек азаматының жеке басын растайтын құжаты жоқ екені белгілі болды» - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір Өзбекстан Республикасының азаматтары Атырау қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. Оларға қатысты жинақталған іс-құжаттар көші-қон қызметі бөлімі мен Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жолданды.