04 жел, 2020 сағат 09:40

Атырауда полицейлер қашқан жүргізушіні оқ атып тоқтатты

Атырау облысында полицейлер табельдік қарудан оқ атты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл оқиға бүгін түнгі сағат 01:00 шамасында Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылының маңында болған. Полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына «УАЗ 390945-441» көлігінің жүргізушісі бағынбаған.

«Полицейлерден қашқан көліктегі жолаушыларының бірі оқ атқан. Тәртіп сақшылары табельдік қарудан алдымен аспанға, содан кейін дөңгелектерге бір рет ескерту ретінде оқ атқаннан кейін ғана «УАЗ» тоқтатылды. Нәтижесінде оқиға орнында Маңғыстау облысы, Боранқұл ауылының 1995 жылы туған тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Одан 16 калибрлі «ИЖ» маркалы тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленді», - деді Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

Қазір ұсталған азамат тергеу изоляторына қамауға алынды.