16 сәу, 2021 сағат 12:50

Атырауда облыстық басқарма басшысы 2 млн 917 мың теңге айыппұл төлейді

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырылып, 2 млн 917 мың теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, шенеунікке қатысты іс №2 Атырау қалалық сотында қаралған. 

«15 сәуірде сот ҚР Қылмыстық Кодекстің 361-бабының 1-бөлігі бойынша Серік Қамидоллаға қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу барысында ол айыптаумен толық келісті. Сондықтан сот процесі жеңілдетілген режимде өтті. Сотталушы ҚР Қылмыстық Кодекстің 65-бабын қолдана отырып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Оның алғаш рет ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанын ескере отырып, сонымен қатар, үш кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде мүгедек баласы бар, жалғыз асыраушысы болып табылатыны және ісіне шын өкінуіне байланысты сот оны ҚР Қылмыстық Кодексінің 65-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатуға болады деп санады. Бұл ретте өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1000 АЕК (2 млн 917 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынды» - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.