15 ақп, 2021 сағат 06:53

Атырауда медицина қызметкері жасөспірімдер төбелесін жасырған

Атырауда медицина қызметкері жасөспірімдер төбелесін полиция қызметкерлерінен жасырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атырау облысының полицейлері 12-14 ақпанда «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтаған. 

«Іс-шара кезінде 88 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 82 ата-ата мен 6 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарына кәмелетке толмаған 79 жасөспірім әкелінді. Сондай-ақ, 2 оқушының төбелесуі салдарынан аудандық ауруханаға жүгінгені белгілі болды. Төбелескен оқушыларды медицина қызметкері қараған. Бірақ, денсаулық сақтау саласы қызметкерінің әкімшілік құқықбұзушылық дерегін полиция органдарына уақытылы хабарламағаны анықталып отыр. Осыған орай медицина қызметкеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 127-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды» - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ювеналды полиция инспекторлары 45 қолайсыз отбасы мен әртүрлі санатпен есепте алынған кәмелетке толмаған 18 жасөспірімді тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің алдын алу мақсатында 45 қолайсыз отбасымен профилактикалық сұхбат жүргізілген.

«Бала тәрбиесімен айналыспай, жүйелі түрде алкоголь ішімдігін пайдаланушы ретінде есепке алынғанның бірі – 1982 жылы туған тұрғын. Аудан тұрғынының кәмелетке толмаған балаларының көзінше ішімдік ішкені анықталып, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Ішкі істер органдарының есебіне кәмелетке толмаған 11 жасөспірім мен 7 қолайсыз отбасы алынды» - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.