Атырауда көліктен 2 миллион теңге ұрлап кеткендер ұсталды - видео
Атырауда көлік терезесін сындырып, екі миллион теңгені ұрлап кеткен үш адамның ұсталған сәтінің видеосы тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
12 қазанда сағат 13.31 Атыраудағы Полиция басқармасының "102" операторына қаланың 35 жастағы тұрғыны хабарласып, сағат 12.50 мен 13.25 аралығында белгісіз біреу Kia Sportage маркалы көлігінің терезесін сындырып, ішінен екі миллион теңгені ұрлап кеткенін айтқан.
Жедел іздестіру шарасы кезінде қалада орнатылған камералардан тәртіп сақшылары жәбірленушінің көлігінің артында ВАЗ-2114 маркалы көлігі еріп келе жатқанын байқаған.
Күдікті автокөлік Индер ауданындағы Жарсуат ауылынан 132 шақырым жерде тоқтатылды. Көлікті тексеру кезінде пакетке салынған екі миллион теңге табылған.
Полицейлер ұрлық жасаған үш адам 40, 44 және 47 жастағы Орал, Ақтөбе және Шымкент қалаларының тұрғындары екенін анықтаған. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды.