Атырауда ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
«Шалқар Ақымғалиев жасаған ерлігі үшін мемлекеттік наградаға ұсынылды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде атыраулық полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті есте қалдыру шаралары полицияның барлық бөліністерінде жан-жақты жүргізіліп жатқаны хабарланған еді. Өңірлік полиция департаменттерінде патриоттық тәрбие сағаттары өткізілуде, соның аясында батыр туралы бейнероликтер түсіру жұмыстары ұйымдастырылып, қызметкерлер Шалқар Ақымғалиевке жыр жолдары мен музыкалық шығармаларын арнап жатыр.
«ІІМ қаза тапқан батырлардың отбасын қараусыз қалдырмайды», - деген болатын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Айта кеткен жөн, биылғы жылғы 21 наурызда Атырау қаласында патрульдік экипаж құрамында жүрген полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев көпірден Жайық өзеніне секірген қыз жайлы хабарлама алған бойда ойланбастан мұзды суға қіріп кетті. Сөйтіп қыздың өмірін ажалдан арашалап қалған еді. Алайда, өзі қатты ағынның ішінде арпалысып жүріп, көз жұмды.
Шалқар Ағымғалиев 1994 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Атырау облысы Индер ауданының тумасы. Ол көп балалы отбасының жалғыз асыраушысы еді. Отбасын құрып үлгермеген. Полиция қатарында қызмет атқарып жүргеніне 5 жылдан асқан. Жалпы, Тәуелсіздік алған жылдардан бері 2264 полиция қызметкері қаза тапса, соның 785-і қызметтік борышын өтеу кезінде, 73-і қауіпті қылмыскерді ұстау операциясы барысында ерлікпен жан қиды. Сондай-ақ 2419 полиция қызметкері жарақаттанған. Соның ішінде 899-ы қылмыскерді ұстау барысында жараланған.