19 қар, 2021 сағат 19:36

Атырауда ерлі-зайыпты алаяқтар 150 млн теңгені қалтаға басқан


Атырауда ерлі-зайыпты алаяқтар азаматтардың 150 млн теңгесін қалтаға басқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Атырауда 38 жастағы әйел таныстарына күйеуі компания құрылтайшысы, соған жарна құйса дивиденд алып отыруға болатынын айтып, жоқ бизнеске ақша салуға көндірген. 

Полицияға 18 адам жүгінген, олар табыс таппағанын, салған қаржысын қайтара алмай қалғанын айтып шағымданған. 

«Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы, 2-бөлігі, яғни аса ірі көлемде алаяқтық фактісі бойынша тергеу амалдарын жүргізді. Жәбірленушілерге 150 млн теңге шығын келтірілген. Алаяқтық фактілерінің басым бөлігі халықтың өз ақшасына немқұрайлы қарауынан, сондай-ақ қаражатты еселеп қайтарып беремін дейтін адамдардың қызметінің заңдылығын жіті тексермеуінен болады», - деп атап өтті Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев. 

16 қараша күні Атырау қаласының №2 соты ерлі-зайыпты алаяқтарды бес жылға бас бостандығынан айырды.