17 қыр, 2021 сағат 18:55

Атырауда деструктивті діни ағымның 44 өкіліне 1,9 млн теңге айыппұл салынды


Атырауда деструктивті діни ағымның 44 өкіліне 1,9 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтің айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге әлеуметтік желіге жүргізілген мониторингте анықталған.

«Деструктивті ағымға ерушілердің көпшілігі өз парақшаларында және пабликтерде Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған экстремистік идеологияны насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған бейне және аудиоматериалдарды жариялаған.

Биылғы 8 айда басқарманың ақпараттық-талдау орталығының мамандары дәстүрлі емес діни бағытты насихаттайтын 143 825 парақшаны бұғаттады. Сондай-ақ, діни бағыттағы ақпаратты тарататын әлеуметтік желілердегі парақшаларды зерделеу нәтижесінде 139 240 бет анықталды. Оның 442-сі жат идеология материалдарын таратуға арналған. Сол себептен, дінтану сараптамасына жіберілді», -дейді Қайролла Көшқалиев.

Оның мәліметіне сүйенсек, 8 айда мониторингтік нәтижесімен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-бабымен деструктивті діни ағым өкілдері тарапынан 44 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Жинақталған материалдар сотқа жолданып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 1 917 347 теңгені құраған. Қазір 8 әкімшілік іс сотта қаралып жатыр.