Атырауда Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Оған өңір жұртшылығымен бірге, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, жазушы, драматург Роллан Сейсенбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, белгілі ақын Светқали Нұржановтар қатысты.
Ақын мерейтойына арналған шарада «Абай жаққан бір сәуле өшпеу үшін» атты әдеби-музыкалық театрландырылған қойылым сахналанды. Сахналық қойылымда Ұлжан ананың ұлы Абайды өмірге әкелген кезі мен әкесі Құнанбайдың халықтан сүйінші сұрағаны, Құнанбайдың ұлына Ибраһим деп есім беруі, сондай-ақ, ақын өмірінің жарқын сәттері көрсетілді.
«Абай – қазақтың ұлы тұлғасы. Абай – дана, Абай – дара. Сондықтан, Абайдың қара сөзі мен әрбір өлеңін қазақ халқының қазынасы деп білеміз. Халыққа керек ақыл-ойларын өскелең ұрпаққа өсиет етіп қалдырды. Атырау қаласында Абайдың ескерткіші орнатылатын болады», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, шара барысында Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» және басқа да әндері шырқалды.