17 сәу, 2021 сағат 17:58

Атырауда 8-сынып оқушысын ұрған жасөспірімдерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Атырауда 8-сынып оқушысын ұрған жасөспірімдерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұдан бұрын әлеуметтік желіде Атырауда кәмелет жасына толмаған 5 жасөспірімнің 8-сынып оқушысын ұрған видеосы тараған еді. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқиға 12 сәуірде сағат 18:30 шамасында Атырау қаласындағы мектеп-интернат ғимаратының артында болған.

«Аталған видеоға байланысты полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, жағдайды жәбірленуші тараптың анасына хабарлаған. Қазір осы оқиғаға қатысы бар 5 жасөспірім, оның ішінде мектептің 4 оқушысы мен колледждің 1 студенті анықталды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, жауапқа тартылған жасөспірімдер оқитын білім беру мекемелерінің басшыларынан түсініктеме алынған. Ал, соққыға жығылған оққушыға психологтің көмегі көрсетілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір отбасының екі баласы наркологиялық есепке алынғанын жазған болатынбыз.