31 қаң, 2020 сағат 05:30

Атырау облысында шетелдік жұмысшылар саны қысқарады

Атырау облысында шетелдік жұмысшылар мен мамандар саны 6,5 мың адамға қысқарады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл жергілікті өндірісте өткен жылмен салыстырғанда 6 433 шетелдік жұмысшы кем болады. Осы жылы шетелдік жұмысшыларды тартуға бөлінетін квота 38% құрап отыр (2019 жылы – 17000, биыл – 10567 квота). Соның ішінде басшылық қызметте – 88, құрылымдық бөлімдер басшылары – 2369, мамандар – 6858, білікті жұмысшылар – 641 және маусымдық жұмысшылар – 611 адам», - деп хабарлады облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан.

Еске салайық, шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квотаны қысқарту - Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі.

«Шетелдік жұмыс күшін тартуға квота саны қысқарады. Қысқарту 40%-ды 2019 жылы 49 мыңнан 2020 жылы 29 мыңға дейінгі аралықты құрайды. 30-дан астам шетелдік қызметкерді жұмылдыратын 250 адамнан асатын барлық кәсіпорындар жыл сайын тексеруден өтеді», - деді ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында.