13 қаң, 2022 сағат 19:20

Әтір, сағат, опа-далап: Алматы вокзалында 22 жастағы тонаушы ұсталды


Полиция департаментінің қызметкерлері Алматы 1 стансасында Қарағанды облысының тұрғынын ұстады. Оның қолында жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған тауарларға толы сөмке болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жедел іздестіру шаралары барысында 11 қаңтарда Алматы 1 стансасында Қарағанды облысының 22 жастағы тумасы ұсталды. Одан Алматы мен Алматы облысындағы тәртіпсіздік кезінде ұрланған заттар тәркіленді. Тексеру кезінде ер адамнан түрлі тауар, соның ішінде әтір, күннен қорғайтын көзілдірік, қол сағаты, күртке, косметика мен гаджеттер табылды. Күдікті қамауға алынды", - деді департамент басшысы Оңал Бекиев.

Бұл факті Қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркелді.

Кінәліні 1000 АЕК-ке дейін (3 063 000 теңге) айыппұл немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Төтенше жағдай кезінде елдің теміржол және әуе көлігі нысандарында 22 құқықбұзушы әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ Қылмыстық-процессуалды кодекстің 128-бабы бойынша алты күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде осы жылдың қаңтарында барлығы 31 қылмыс тіркелді.

Көлік полициясының басшысы қаңтар айының басында болған оқиғалардан кейін полицейлер күшейтілген режимге көшірілгенін атап өтті.