15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн Қазақстандық қамтылған, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жәрдемақы алушылардың көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында 216,3 мың адам тұрады.
Жәрдемақы алушылардың 42% – қала тұрғындары, 58% – ауыл тұрғындары. Ағымдағы жылғы 1 тамызға АӘК 103 млрд теңге сомасында төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрады.
Атаулы әлеуметтік көмек - бұл ақшалай төлем ғана емес, сонымен қатар Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдел түрінде көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының кешені.
"АӘК алуға өтініш білдірген 231 мың адамға ЖАО шешімі бойынша қосымша әлеуметтік көмек, коммуналдық қызметтерге тұрғын үй көмегі, жалпы білім беру желісі бойынша материалдық көмек, балаларға арналған қосымша факультативтер, арнаулы әлеуметтік қызметтер және т.б. көмек түрлері көрсетілді. 12,1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылған 25,3 мың адам өз бетінше жұмысқа орналасты. 5,2 мыңнан астам адам шағын бизнесті ашу үшін ақшалай көмекті пайдаланды, соның нәтижесінде 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, 400 азамат жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейте алды. 87,6 мың отбасы қаражатты жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға жұмсады, оның ішінде 73,9 мың отбасы мал сатып алса, 4,1 мың отбасы ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алды", - делінген таратылған ақпаратта.
Көрсетіліп отырған әлеуметтік көмектің атаулығын және бюджет қаражатының нысаналы пайдалынылуын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдарға тұрақты түрде әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді, өңірлермен жүйелі түрде селекторлық жиналыстар өткізіп тұрады, сол сияқты, АӘК алуға үміткерлермен де жұмыс істеу үшін іс-қимыл алгоритмі бар нұсқаулық хаттар жібереді, өңірлер бойынша АӘК тағайындалуына талдау жүргізеді.