31 қаз, 2018 сағат 14:38

Атамқұлов ТЖ кезінде интернеттің шектелуіне қатысты түсінік берді

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов ТЖ болған кезде интернет пен байланысты шектеу бойынша Үкімет қаулысына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл стандартты рәсімдер және олар ең дамыған елдерде де қолданылады. Бүгінде интернет көптеген елдердің ұлттық қауіпсіздігі мен  қорғаныс қабілеті мәселелерінде үлкен рөл ойнайды. Себебі тиісті шаралар мен операциялар кезінде, оның ішінде әскери іс-қимылдарда пайдаланылатын жабдықтар коммуникация жүйелерімен жұмыс істейді», - түсіндірді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген жауабында.

Осы орайда, ол қауіпсіздікке қатысты атқарылатын барлық қадамдар бірінші кезекте мемлекеттің, ұлттық қорғаныстың мүддесіне қарай іске асырылатынын қадап айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде интернет пен байланысты бұғаттау құқығына ие мемлекеттік органдарды белгілеу бойынша ҚР Үкіметінің Қаулысына түсінік берген еді.