07 там, 2019 сағат 21:20

Атамбаевтың қызы әкесінің ешқайда қашпағанын айтты

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың қызы Алия Шагиева әкесінің ұсталмағанын айтты. Ол Instagram парағында «Біріншіден, әкем ешқайда қашқан жоқ. Ешкім оны ұстаған жоқ. «Ол қауіпсіз жерде» деген сөз – жалған. Ол Қой-Ташта» деп жазды.

7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-резидент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы бастаған. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті операция әлі жалғасып жатқанын хабарлады. Атамбаев жақтастарының сөзінше, бұрынғы президент үйінің ішінде отыр.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Азаттық