Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында және Түркия астанасы - Анкарада биік ғимараттар Қазақстан Республикасы туының түсіне боялды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі әлеуметтік желідегі парақшасында Анкарадағы TOBB ғимаратындағы көріністі бөлісті.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне байланысты Түркияның елордасы Анкара қаласының төрінде TOBB ғимаратында бүгін көк байрағымыз желбіреді» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, БАӘ-дегі ҚР елшілігі әлемдегі ең биік ғимарат — «Бурдж Халифа» мемлекеттік туымыздың түсіне боялғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Сауд Арабия Королі Салман бен Абдельазиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Сауд ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтағанын хабарлаған едік.