Фото: ашық дереккөз
Ішкі істер министрлігі азаматтарға, әсіресе жастарға, әлеуметтік желілердегі арандатушылық әрекеттерге ермеу жөнінде үндеу жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік соңғы уақытта “хайп”, лайк немесе онлайн-танымалдық үшін жасалатын әдепсіз әрекеттердің көбейгенін атап өтті. Кей жастар сауда орталықтары мен көшелерде айқайлап, жартылай жалаңаш жүгіріп, жұртқа кедергі келтіріп, өзін “шоу” етіп түсіріп жүргені анықталған.
ІІМ мәліметінше, жуырда елордада осындай іс-әрекетке барған азамат әкімшілік құқықбұзушылық үшін 15 тәулікке қамауға алынды.
– Лайк пен қаралым жинау үшін жасалған мұндай әрекет батылдық та, креатив те емес. Бұл – қоғамдық тәртіпті бұзу, көпшілікке құрметсіздік көрсету және ар-ұятқа жат қылық. Күмәнді интернет-трендтерге ермеңіздер. Өзіңізді де, айналадағы адамдарды да құрметтеңіздер. Нағыз абырой жақсы іс пен дұрыс әрекет арқылы келеді, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Министрлік мұндай жағдайларға қатаң тосқауыл қойылатынын және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі үнемі бақылауда болатынын мәлімдеді.
“Интернетте де, күнделікті өмірде де мәдениет пен парасаттылықты сақтайық”, – делінген ІІМ үндеуінде.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар блогердің «тегін пәтері» үшін ессіз әрекетке баруда
