19 қаз, 2021 сағат 14:54

Ата-анам ұрып-соғады: Өскеменде оқушы қыз сабаққа бармау үшін өтірік айтқан


Өскемен қаласында 12 жастағы оқушы сабаққа бармау үшін жалған арыз түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 18 қазанда «102» жедел арнасына шұғыл қызмет психологы 12 жасар қыздың хабарласқаны туралы айтты. Жеткіншек өз сөзінде ата-анасының оны және апайын ұрып-соғатыны туралы жеткізген. 

«Аталған фактіге орай полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған бала мектепке бармау үшін осы оқиғаны ойлап тапқан. Жеткіншектің анасы оны қосымша сабақтарға жазған, ал оқушы қыз оған қатысқысы келмеген», - деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар баламен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізді.