Фото: Pexels.com
Қазақстанда «Келешек» деп аталатын біріңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылуда. Бұл жаңа бағдарлама арқылы ата-аналар балаларының болашақ білім алуына қаржылай қолдау жасай алады. Мәжіліс бұл жобаны алғашқы оқылымда мақұлдады, онда жүйенің құқықтық реттеу тетіктері енгізілген, деп хабарлайды Ult.kz.
«Келешек» жүйесінің негізгі ерекшеліктері
Бағдарламаның негізгі моделі мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің платформасы аясында жүзеге асырылады. Осылайша, ата-аналар кез келген банкте немесе өмірді сақтандыру компаниясында балаларға арналған шот аша алады. Шот ашылғаннан кейін, егер бала 5 жасқа толған болса, мемлекет бюджетінен 60 АЕК (жетім балаларға 120 АЕК) көлемінде бастапқы біржолғы білім капиталы аударылады.
Жинақтау жүйесінің шарттары
Ата-аналар жыл сайынғы ең төменгі жарна төлеуі тиіс: әлеуметтік осал отбасылар үшін 12 АЕК, қалғандарына 24 АЕК. Әр балаға шоттағы қаражатқа мемлекет тарапынан 5 пайыз сыйлықақы, ал әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз қосымша сыйақы беріледі. Бұдан бөлек, банктің немесе сақтандыру компаниясының сыйақысы жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақымен толықтырылады.
Егер ата-аналар белгіленген ең төменгі жылдық жарнаны орындамаса, мемлекет бастапқы білім капиталын қайтарып алады.
Қаражатты пайдалану мүмкіндіктері
Жиналған қаражат Қазақстандағы және шетелдегі колледждер мен университеттерде білім алуға жұмсалуы мүмкін. Егер бала мемлекеттік грант ұтып алса, жинақталған қаражатты басқа білім деңгейін алу үшін немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалануға болады.
«Келешек» бағдарламасы – ата-аналар үшін балаларының болашағына сенімді қаржы құралы болмақ.