Жыл сайын Қазақстанда өз міндетін дұрыс атқармаған мыңға жуық адам ата-аналық құқығынан айырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының басшысы Әсет Оспанов айтып берді.
«Ата-ана құқығынан айыру - бір күндік жұмыс емес, ұзақ процесс. Оның басты себебі - ата-ананың өз міндетін дұрыс атқармауы. Яғни, олар бала тәрбиесімен айналыспайды, балаға немесе жасөспірімге отбасында қысым мен зорлық-зомбылық көрсетеді, баланың ата-анасы ішімдік қолданады және басқалар. Осы аталған теріс әрекеттердің барлығы баланың дұрыс дамуына кері әсерін тигізеді.Соның салдарынан жыл сайын Қазақстанда 1000-ға жуық ата-ана өз құқығынан айырылады» - деді Ә. Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысы ата-ана құқығынан айыру процесінің қалай жүретінін баяндады.
«Ең алдымен өз міндетін дұрыс атқармай жүрген ата-аналарды есепқе қоямыз. Сол отбасымен профилактикалық жұмыс істеп, тұрғылықты үй жайын тексереміз. Тиісті жұмыстардан соң олармен жеке әңгімелесіп, ата-аналарға нұсқаулық беріледі. Келесі кезең - Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабы бойынша (ата-аналық міндетін орындамау) жазаға тартылады. Осындай жұмыстардан нәтиже шықпаса, бұл отбасының мәселесі арнайы комиссияда қаралып, комиссия шешімімен ата-ана өз құқығынан айырылады», - деді ол.
Бұған дейін Ә. Оспанов Қазақстанда кәмелет жасына толмаған қанша жасөспірімнің жазасын өтеп жатқанын айтты.