29 қаңтар күні Алматы технологиялық университетінде «JasStar» жобасы аясында «Жастар жылына» арналған Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, актер, таэквондодан ҚР чемпионы Асылхан Төлеповпен кездесу өтті.
Биылғы жыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен «Жастар жылына» арналды. Соған орай түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Алматы технологиялық университетінің студенттері «JasStar» жобасы аясында Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, актер, таэквондодан ҚР чемпионы Асылхан Төлеповпен кездесті.
Кездесу барысында актер алғашқы табысы, «Жаужүрек мың бала» кинофильміндегі қызықты түсірілімдер, депутаттық қызметке байланысты сұрақтарға жауап берді. Актердің айтуынша, ол мектеп кезінен таэквондо спорт түрінен түрлі жетістіктерге жеткен. Алайда, ата-анасы оны 9-сыныптан соң Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне оқуға түсірген. Осыдан кейін ғана оның өнерге деген ықыласы ояна бастаған. Бұл жөнінде Асылхан Төлепов: «Оқуға ақылы бөлімге түстім. Ата-анама салмақ салмайын деп базарда жеміс-жидек сатқан кезім де болды. Бірақ, бағым жанып, 18 жасымда алғаш рет кастингтен өтіп, басты рөлге бекітілдім. Бұл – «Жаужүрек мың бала» фильмі еді. Анам сол кезде сенбей қуаныштан жарты сағат жылаған еді. Өнерге деген қадамым осылай басталды» деп жауап берді. «Жаужүрек мың бала» фильмінен соң да өзі сомдаған Сартай батырға қатысты сын-пікірлер болғанын да айтып өтті.
Сондай-ақ, «Жастар жылы» форумының ашылуындағы әсерімен бөлісіп, осы жылдың жастарға ерекше өзгеріс боларына сенімді. «Биылғы жыл еліміздің жастар үшін үлкен мүмкіндік болары анық. Жастарға көп көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Форумның ашылуы кезінде ҚБТУ-дың 2 курстағы 13 жасар вундеркинд-студент балаға таңғалдым. Елімізде «Жастар жылы» бұрыннан аталып өтуі керек еді. Бізде талантты жастар көп. Тек оларға қолдау білдіру керек. Биылғы жылдан күтерім мол», - деді актер.
Кездесу соңында кеш қонағы Асылхан Төлепов әсерлі сұрақ қойған үш студентке арнайы әкелген кітаптарын тарту етті.