11 қаң, 2018 сағат 15:33

Астаналық әкім желдің өтінде қалған қыздарды видеоға түсірген адамға ашуланды

Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек бүгін әлеуметтік желілерде тараған видеоға қатысты пікір білдірді.

"Құрметті қала тұрғындары, осындай қолайсыз ауа-рауы кезінде сабарлық танытып, бір-бірімізге қол ұшын созайық. Егер көшеде адамдар қатты желдің кесірінен жүре алмай жатса, көліктер от алмай қалып жатса, бір-біріңізге көмектесіп, мейірімділік танытайық!", - дейді ол.

Аудан әкімі сондай-ақ, желіде тараған видеолардың біріне көңілі толмағаны жеткізді.

"Желіде тараған кезекті бір видеоға көңілім толмағанын айтқым келеді. Бір жігіт көлікте отырып видео түсіреді, тіпті далаға шығып көмектесу туралы ой қаперінде де жоқ. Және ол видеоны әнмен әрлеуді де ұмытпапты", - деп ашынады Арман мырза интаграмдағы парақшасында.

Айта кетсек, бүгін табиғи жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.