Бүгін Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпы ұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын бастауға рұқсат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сіз жариялаған Бес әлеуметтік бастаманың бірі елдің орталық және солтүстік бөліктерін газдандыруға арналған. «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағдары бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 1 061 шақырымға тартылады және бір жылдағы газ өткізу мүмкіндігі 2,2 млрд текше метрге жетеді. Аталған жобаны іске асыру 2 млн 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Президент мырза, «Сарыарқа» жобасының 1-ші кезеңін жүзеге асыру үшін арнайы капсуланы орнатуға рұқсат беріңіз», - деді «АстанаГаз ҚМГ» бас директоры Сағидолла Мақашев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Сарыарқа» магистральды газ құбырының «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша бірінші кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Бірінші кезеңнің болжамды құны 267 млрд теңгеден асады. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласының әкімдіктері магистральды газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысының мерзімін ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы үшін жол картасын әзірлеген.