Фото: ҚР Жасанды интеллект министрлігі
Астанада ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Yandex Qazaqstan компаниясының қатысуымен жүргізушісіз таксиді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар елордада автономды такси қызметін іске қосу туралы келісімге келді, деп хабарлайды Ult.kz.
Меморандумға қол қою рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов және Yandex Qazaqstan компаниясының басшысы Тимур Шәлекенов қатысты.
Құжатқа сәйкес, өздігінен жүретін такси жобасын 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр. Бұл процесс нормативтік және технологиялық мәселелерді пысықтаудан бастап, пилоттық режимде іске қосуға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Жүргізушісіз такси қалалық мобильділікті ұзақ мерзімді дамытудың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, автономды технологиялар адам факторын азайту арқылы жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге, көлік ағынын тиімді басқаруға және халықтың әртүрлі топтары, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл шешім ірі қалаларда тұрақты көлік жүйесінің маңызды элементіне айналуы мүмкін.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, қауіпсіздік, жауапкершілік, адам мен алгоритмдердің өзара әрекеттесуі мәселелерін алдын ала пысықтау және автономды көлік шешімдерінің заңды әрі ашық дамуына мүмкіндік беретін нормативтік базаны қалыптастыру аса маңызды. Оның сөзінше, автономды такси – технологиялар адам игілігіне қызмет ететін «ақылды қала» экожүйесінің бір бөлігі.
Ал Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов жобаның кезең-кезеңімен іске асатынын атап өтті. Алдымен сервис пилоттық режимде және тестілеу форматында жұмысын бастайды. Бұл тәсіл қалалық ортаның нақты жағдайларын ескеруге мүмкіндік береді. Жобада тәулік бойы диспетчерлік қызметпен байланыс және сапарларды сақтандыру қарастырылған. Жүргізушісіз көлікті басқару жүйесі жасанды интеллектке, жол жағдайын үздіксіз бақылауға және қауіпсіз әрекет ету сценарийлеріне негізделеді. Тәжірибе жинақталып, жүйенің тұрақтылығы дәлелденген сайын қызмет көрсету ауқымы кеңейтіледі.
Меморандумға қол қою мемлекет, қала және технологиялық компаниялар тарапынан инновациялық көлік шешімдерін дамытуға деген ортақ мүддені көрсетеді. Қазіргі таңда тараптар нормативтік базаны қалыптастыруға, инфрақұрылымдық талаптарды бағалауға және жүргізушісіз көлікті қалалық ортаға интеграциялау тетіктерін талдауға басымдық беріп отыр.
