фото: 2gis.kz
Астанада «Транстелеком» провайдерінен интернетке қатысты мәселелер әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz ҚазТАГ агенттік тілшісіне сілтеме жасап.
«Ұзақ уақыттан бері интернет жоқ – ең қызығы, Telegram жұмыс істейді, ал қалғанының бәрі, соның ішінде веб-сервистер, веб-серфинг және тағы басқасы – істемейді. Операторға қоңырау шалуға әрекет жасағанда, автожауап беру жүйесі қоңырауды бірде бірден үзеді, бірде кезек маған жеткен кезде үзіледі. Мысалы, мен кезекте 14-ші болдым, ұзақ күткеннен кейін кезек маған жеткен сәтте, «Транстелеком» жай ғана «тұтқаны қойып» тастады. Бұл – таза басыну деп ойлаймын! Сонымен қатар, олардың «191» нөміріне қоңырау шалсаң, алғашқы хабарламасында-ақ байланыс мәселелерінің бар екенін мойындайды. Осы қашанға дейін жалғаса береді? Әр жолы бір жағдай!» – деді Астананың бір тұрғыны дүйсенбі күні КазТАГ редакциясына.
Редакция астаналық тұрғынның сөздерінің шынайылығына көз жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін де «Транстелекомның» Астанадағы интернетке қатысты мәселелері бірнеше күн қатарынан жалғасқан еді. Ол кезде КазТАГ провайдердің қазақстандықтарды жаңылыстыруы мүмкін екенін хабарлаған. Біраз уақыттан кейін «Транстелеком» өз абоненттерінде интернет бойынша қиындықтар бар екенін растады.
Еске салайық, 2023 жылдың 31 мамырында мәжіліс депутаты Ермурат Бапи Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның және оның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың балалары туралы айта келе, клептократтар елден $150 млрд шығарып жібергенін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ ол Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев туралы да мәселе көтерді.
«Стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясының іс жүзінде тегін түрде ұлттық компания – «Қазақстан темір жолы» құрамынан Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевке берілуін қалай бағалайсыз? Құны Т210 млрд болатын және жылдық табысы Т80–90 млрд болатын ұлттық мүлік небәрі Т18,45 млрд-қа сатылған. Менің сұрағымның мәні мынада: «Транстелеком» Нұрәлі Әлиевке дивиденд ретінде 2015 жылы Т587 млн, 2016 жылы Т940 млн, 2017 жылы Т500 млн төледі. 2022 жылы төленген дивидендтер көлемі Т2,4 млрд болды. Енді осыншама көлемдегі заңсыз алынған ақшаны қалай қайтаруға болады?» – деп сұрады ол сол кезде.
2023 жылдың 5 шілдесінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сол кезде Нұрәлі Әлиевке тиесілі «Транстелеком» бәсекелестермен келісімшарттарды бұзуға шақырғанын, бұл заң бұзушылық болып саналатынын мәлімдеді.
Журналист Әсет Матаев сол кезде «ескі Қазақстанның» күшейіп келе жатқан ықпалы мемлекеттік құрылымға қауіп төндіреді деген пікір білдірді.
2025 жылдың 12 ақпанында КазТАГ Нұрәлі Әлиевтің «Транстелеком» АҚ басшысы ретіндегі өкілеттігін аталған компанияның сатылуына байланысты тоқтатқанын хабарлады.
