04 қар, 2025 сағат 15:29

Астанада полицейлер зейнеткерге алаяқтар ұрлаған 39 миллион теңгені қайтарды


Фото: ашық дереккөз

Астанада киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың ірі дерегін ашып, 87 жастағы зейнеткерге ұрланған 39 миллион теңгесін қайтарып берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға тамыз айында болған. Белгісіз адамдар мессенджер арқылы зейнеткермен хабарласып, өздерін полиция мен Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар зейнеткерді «пәтеріңізді бөтен адамдар өз атына рәсімдеп, сатуға шығарды» деп алдап, үйін сатып, ақшаны «қауіпсіз есепшотқа» аударуға үгіттеген.

Алаяқтар тіпті Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық банк «қылмыскерлерді ұстауға бағытталған құпия операция жүргізіп жатыр» деп иландырып, зейнеткерге ешкімге айтпауын ескерткен. Нәтижесінде, ер адам риэлтор арқылы пәтерін сатып, 39 миллион теңгені курьерге берген.


Қылмыс Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру барысында 23 жастағы күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Тексеру кезінде тәркіленген қаражат зейнеткерге толық қайтарылды.


Полиция мәліметінше, жыл басынан бері елордада үш мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Мұндай қылмыстардың басты нысанасы — 50 жастан асқан азаматтар. Полицейлер тұрғындарды сақ болуға, бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеуге және күмәнді жағдайларда дереу полицияға жүгінуге шақырады.