26 там, 2016 сағат 09:04

Астанада Олимпиада чемпиондарына құрмет көрсету салтанаты өтеді

Бүгін Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Олимпиада чемпиондарына құрмет көрсету шарасы өтеді. Дәстүр бойынша чемпиондар алдымен кортежбен Астана көшелерімен жүріп өтеді. Содан кейін «Қазақстан» залында өтетін салтанатты шараға қатысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

Айта кетейік, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медаль жеңіп алған болатын. Жалпыкомандалық есепте ұлттық құрамамыз 22-ші орынды иеленіп, медаль саны жағынан рекорд орнатты. Бұған дейін Атлантада - 11, Сиднейде - 7, Афиныда - 8, Пекинде - 13, ал Лондон Олимпиадасында 13 медаль еншілеген болатынбыз. Бұл жолы қоржынға 17 жүлде түсті.

Рио-Олимпиадасында спортшыларымыз Нижат Рахымов, Данияр Елеусінов және Дмитрий Баландин алтын алса, Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов пен Гюзель Манюрова күміс медальға қол жеткізді. Қола жүлде алғандардың қатарында Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова бар.

Осы жылғы Олимпиада ойындарына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады. Күні кеше ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерімен кездескен болатын.