Ауғанстаннан келген астаналық студент Хафиз Хан бейнеүндеу арқылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгініп, елдегі соғысты тоқтатуға көмектесуді өтінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" sputniknews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
"Мен ауған соғысында аман қалдым. Әкемнің көз жасын көрдім. Бұл - өте қорқынышты. Қарындасымды мектепке жіберуге қорқамыз, себебі оралмауы мүмкін екенін білеміз. Бірақ мен ешкімнен кек алғым келмейді. Мен тынышталдым. Қазақстанда жақсы білім алып жатырмын. Мені түрлі ұлт өкілдерімен бейбіт өмір сүруге үйретті, Ауғанстан халқы да осылай өмір сүруі керектігін түсіндім", - дейді Хан.
Жас жігіт АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан Ауғанстандағы жағдайды реттеуге көмектесуді сұрады.
"Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев, сіз – әлемдік ауқымдағы көшбасшысыз. Көптеген жанжалды шешуде талай рет бітімгер болдыңыз. Қазір бәрі Астанада өткен Сирия бойынша келіссөздер нәтижесін көріп отыр. Таяуда жаңалықтардан сіздің Дональд Трамппен кездесетініңізді естідім. Нұрсұлтан Әбішұлы, сізден оған менің сөздерімді жеткізуді және Қазақстанда бейбіт диалог бастауды өтінемін", - дейді студент.
Сондай-ақ, Хафиз Хан ауғандық студенттерді өзі бастаған "Жастар бейбітшілік үшін" флешмобын қолдауға шақырды.