27 қаң, 2025 сағат 14:35

Астанада «Nomad Inspiration» бағдарламасының премьерасы өтті

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

«Астана Опера» театрында HasSak этно-фольклорлық ансамблімен бірлесіп әзірленген Nomad Inspiration бағдарламасының премьерасы өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап Ult.kz хабарлайды.

Бағдарламаға ұлттық хореографиялық қойылымдар мен аспаптық музыка енген.
Бұл жарқын іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бағдарламада HasSak ансамблінің әсерлі музыкасына құрылған «Той бастар» және «Аралым» қойылымдарының премьерасы, сондай-ақ композитор Хамит Шанғалиевтің музыкасына жазылған «Әлем» («Әлемнің негіздері») туындысы ұсынылды. Бұған қоса, бағдарламада «ХасСақнама», «Ұлы Жібек жолы», «Зәурен», «Аңсау», «Өрлеу», «Тұран жолбарысы» және «Тарту» сынды HasSak этно-фольклорлық ансамблінің туындылары орындалды.

Айта кету керек, бұл театр мен қазақстандық HasSak этно-фольклорлық ансамблі бірлесіп жасаған жалғыз жоба емес. Мұндай ауқымды бағдарламаның жүзеге асуына балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова себепкер болды. Ол «Астана Опера» театрының жас хореографтарын қолдап, олардың шеберлігін шыңдауға бар күшін салып келеді.