Фото: ашық дереккөз
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру дерегі бойынша Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті прокуратураның үйлестіруімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомство мәліметінше, 2022 жылы Қор мен екі жекеменшік клиника арасында жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасалған. Аталған шарттар аясында жылжымалы медициналық пойыз арқылы қызмет көрсету де көзделген.
Алайда жоба іске қосылғаннан кейін клиникалар басшысы алаяқтық схема ұйымдастырып, медициналық көмек көрсетілмеген пациенттер туралы ақпараттық жүйеге әдейі жалған мәліметтер енгізген. Жалған диагноздар қойылып, шын мәнінде көрсетілмеген қызметтер тіркелген.
Тергеу деректеріне сәйкес, күн сайын жалған түрде тіркелген пациенттер саны 90-нан 150 адамға дейін жеткен. Соның салдарынан клиникалар нақты көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін ӘМСҚ қаражатынан заңсыз 682 млн теңге алған.
2024 жылдың қаңтар айында қылмыстық жолмен алынған табыстың бір бөлігі — 364 млн теңге — күдіктінің және оның жұбайының жеке есепшоттарына аударылғаны анықталды.
Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның мүлкіне, атап айтқанда Испаниядағы қала сыртындағы үйіне, Астанадағы пәтеріне және автокөлігіне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
