Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысының баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, «Алтын домбыра» сыйлығының екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов қатысты.
«Біз үлкен елеулі оқиғаның алдында тұрмыз. Неге десеңіздер, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында кең ауқымды халықаралық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз. Бірнеше жыл бұрын мұндай айтысты Жүрсін Ерман ағамыз өткізетін. Айтыс – төл өнеріміздің негізі. Айтысқа қашан да өте мұқият болуымыз керек, себебі әр шыққан сөз адамның жүрегіне жылу, кейде тікен болып қадалады», - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұра – айтыс өнері – өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге танытатын биік шыңы.
2018 жылғы 20-21 қазан аралығында «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысы өтеді.
Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысын өткізеді.
Іс-шараға Минатхан Ұларбек, Дәулетқызы Жәмиға (Қытай Халық Республикасы), Рашат Айдос, Қуантқан Аманжол (Моңғолия), Маратов Асылбек, Усупбек Уулу Мундузбек (Қырғыз Республикасы) сынды шетелдік саңлақ ақындар мен республикамыздың облыстық және республикалық маңызы бар қалалық айтыстардың жеңімпаздары: Заитов Ринат, Қайназаров Еркебұлан, Қойшығұлов Серік, Байтуов Біржан, Ниязов Мұхтар және т.б. еліміздің белгілі айтыскерлері қатысады.
Қазылар алқасы: ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Төраға Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Абдулвахап Кара (Түркия), белгілі ақын, жазушы Шынай Рахметұлы (Моңғолия), айтыс ақыны Әсия Айыпқызы Беркенова (Қазақстан).
Айтыстың жүлде қоры: Бас жүлде – 5 000 000 теңге; І орын – 2 500 000 теңге; ІІ орын – 2 000 000 теңгеден 2 адам; ІІІ орын – 1 000 000 теңгеден 2 адам; Жұбаныш сыйлықтар – 350 000 теңгеден.