Бүгін елордада «Нұр Отан» партиясы атынан алдағы сайлауда Қазақстан президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаушылардың форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форумға ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында өткен осы ауқымды шараға ел өңірлерінен келген жастар ұйымдарының өкілдері, елордадағы ЖОО-лар студенттері, Парламент депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, өнер жұлдыздары, танымал спортшылар қатысты.
Форум кезінде Қазақстанның әрбір қаласынан сайлауға байланысты жолданған құттықтауларға арналған видеороликтер көрсетілді.
«Бүгін біз аса маңызды сәттің алдында тұрмыз. 9 маусымда еліміз өз болашағы үшін дауыс береді. Біз біргеміз! Біздің күшіміз бірлікте! Бірлік бар жерде - тірлік бар!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясы науқан кезінде үлкен жұмыстарды атқарғанын айта келе: «Сенімді өкілдеріме, мыңдаған волонтерлерге, қоғамдық штабтардың барлық мүшелеріне алғыс айтамын. Біз бүкіл ел бойынша жүз мыңнан астам іс-шара өткіздік. Баршаларыңызға үлкен ризашылығымды білдіремін», - деді.
Бүгінгі форум еліміздің өңірлерінен арнайы келген өнер жұлдыздарының үлкен концертіне ұласты.