11 ақп, 2019 сағат 17:53

Астанада футбол қақпасының астында қалған бала жансақтау бөлімінде жатыр

Астанада үстіне қақпа құлап кеткен бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз хатшысы Элвира Жүргенбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 ақпан күні Астана қаласы әкімдігінің № 2 қалалық балалар ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен ес түссіз, өте ауыр жағдайда 2009 жылы туған бала жеткізілді. Балаға шұғыл түрде ота жасалды», - деді Элвира Жүргенбаева.

Оның айтуынша, бала жансақтау бөлімінде жатыр, халі өзгеріссіз - өте ауыр.  

«Оған емдеу шаралары толық көлемде жүргізілуде», - дейді ол.

Айта кетейік, 9 жастағы ұл балалардың хоккей командасының мүшесі. Жаттығудан үзіліс кезінде балалардың бір бөлігі футбол ойнай бастаған. Сол кезде жас хоккейшінің үстіне қақпа құлап кеткен.