Мәдениет және спорт министрлігінің Астанада EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу аясында іс-шараларды өткізуге қанша ақша жұмсайтыны белгілі болды. Ведомство басшысы баспасөз конференциясы барысында қанша қаражат кететінін айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
"Қазіргі уақытта барлық мәдени-спорттық шараға 9 миллиард теңге жұмсалайын деп тұр. Бұл қаражаттың 90 пайызы біздің қазақстандық топтардың іс-шараларын ұйымдастыруға бағытталған. Қазақстандық шығармашылық топтардың концерттерін өз мойнымызға аламыз", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл сомаға Димаш Құдайбергеннің концертін ұйымдастыруға жұмсалатын ақшаның қосылғанын айта отырып.
Ал қаражаттың қалған 10 пайызы, оның айтуынша, шетелдік іс-шараларды ұйымдастыруға көмек ретінде жұмсалады. Министр ақшаның ішкі шығындарға, яғни, шетелдік қатысушылардың тұратын жері, концерт пен көрмелерді өткізуге болатын жерлерді ұйымдастыруға жұмсалатынын айтты.
Министр мұндай шаралардың қатарына "Ла Скала" театрының келуін, Пласидо Домингомен "Опералия" байқауын ұйымдастыруды, Мариинск театрының өнері, Эрмитаждың "Оружейное искусство" жаңа топтамасы, "Мәскеу-Астана-Бейжің" ралли-шоуы мен басқа да іс-шараларды қосты.
Еске сала кетейік, осыған дейін министр Димаш Құдайбергеннің Астанада Лара Фабианмен бірге ән салатынын айтқан болатын. "Біз қазір келіссөздерді белсенді жүргізіп жатырмыз, Лара Фабианмен және ағайынды Меладзелермен келісім бар, басқа қатысушылармен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Басты фигура - Димаш Құдайберген. Біз онымен қуана-қуана бірге ән салатын орындаушыларды шақырамыз. Меніңше, екі апта ішінде барлық техникалық мәселені реттейміз. Қарапайым ғана жеке концерт емес, үлкен шоу өткізгіміз келеді", - деген еді министр.