02 қаз, 2024 сағат 16:16

Астанада ең үлкен дилерлік орталық ашылды


2024 жылдың 2 қазанында Астанада Қазақстандағы ең ірі Geely монобрендтік дилерлік орталығы ресми түрде ашылды.

Бұл дилерлік орталық Orbis Auto компаниясына тиесілі және Тұран даңғылындағы автокөліктер қалашығы аумағында орналасқан. Жаңа орталық 3S форматында қызмет көрсетеді және клиенттерге автомобильдерді сату, түпнұсқалық қосалқы бөлшектер мен аксессуарлар ұсыну, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету мүмкіндігін береді.

Орталықтың жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайды, оның 1300 шаршы метрі сервистік аймаққа, ал 700 шаршы метрі шоурумға арналған. Geely автокөліктеріне сервистік қызмет көрсету үшін 11 пост жабдықталған, оның ішінде көлік жууға арналған екі арнайы орын бар. Клиенттердің жайлылығы үшін заманауи клиенттік аймақ және балалар бұрышы қарастырылған.

Orbis Auto бас директоры Динара Ысқақованың айтуынша, бұл орталықтың ашылуына 1,7 миллиард теңге инвестицияланған, және бұл Geely брендіне деген жоғары сенімді көрсетеді. Соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда Geely маркасының 9000-нан астам көлігі сатылған. Енді Астана тұрғындары осы орталық арқылы Geely көліктерін сатып алу және қызмет көрсету бойынша заманауи әрі ыңғайлы мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.

Geely-дің Қазақстандағы 18 дилерлік орталығы бар, ал жыл соңына дейін тағы бірнеше қалада жаңаларын ашу жоспарлануда.