Бүгін «ЭКСПО» көрмесі аумағында еліміздің бас шыршасының шамдарын жағу салтанатты шарасы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бас шырша «Нұр Әлемнің» жанында орналасты. Жаңа жылдық шыршаның шамдарын жағу рәсіміне Астана әкімі Әсет Исекешев қатысты. Шара барысында мерекелік бағдарламадан бөлек, «ЭКСПО» көрмесі аумағына жиналған жұртшылық отшашу тамашалады.
Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинаның сөзіне қарағанда, бас шырша орналасатын жерді таңдау символдық мәнге ие болып отыр.
«Бұл дәстүрлі шара болғандықтан, біз жыл сайын еліміздің бас шыршасының шамдарын салтанатты түрде жағамыз. Шыршаның осы жерде орнатылуы кездейсоқ емес, әрі символдық мәнге ие. Себебі жақында ған осы аумақта «ЭКСПО» көрмесі өтті. Өздеріңіз байқағандай, бұл алаң ел тұрғындары үшін маңызды болып отыр, сондықтан елміздің бас шыршасының шамдарын «ЭКСПО» аумағында жағу шешімі жасалды», - деп атап өтті ол.
Аталған басқарманың мәліметіне қарағанда, еліміздің басты Жаңа жылдық шыршасы 200 мың жарқылдаған шаммен және 6000 шармен безендірілген, бұдан басқа жарқылдаған ілмектер мен әдемі жылтырақтар, қар бүршіктері ілінген. Шыршаның биіктігі - 25 метр.
Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 аумағында орналасқан ең ірі мұз қалашығы да ашылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, салтанатты шараны тамашалауға келген жұртшылық үшін «I'm a Singer Kazakhstan» жобасы финалистерінің жанды дауыстағы әндері шырқалды. Қонақ ретінде Ringo тобы өнерін көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, Әсет Исекешов өзінің Facebook-тегі парақшасында елорда тұрғындары мен қонақтарын еліміздің бас шыршасының шамдарын жағуға шақырған болатын.
Ал бұған дейін Әсет Исекешов жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен соң басталатындығын айтқан еді.
Жаңа жылды мерекелеу мақсатында шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді.