Фото: АШМ баспасөз қызметі
Астанада астық пен бұршақ дақылдарын терең өңдейтін агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы басталды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
"Бұл жоба жыл сайын 250 мың тонна астық пен 80 мың тонна бұршақ дақылдарын қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл кешен Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін ашатынына сенемін", – деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Жобаға 320 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.
Кешенді Kazakh Protein компаниясы жүзеге асырып жатыр. Оны түркиялық Tiryaki Agro Holding холдингі қазақстандық "Қазақстанның Астық консорциумы" ЖШС және "ADOtex" ЖШС-мен бірлесіп құрған.
Tiryaki Agro Holding директорлар кеңесінің төрағасы Сүлеймен Тирьякиоғлу кешен құрылысының басталуы Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік аграрлық индустрия үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
"Біздің мақсатымыз – жаһандық нарықта сұранысқа ие, құны жоғары өнім шығаратын жоғары технологиялық өндіріс құру. Біз осы бастаманың бір бөлігі болғанымызға және қазақстандық серіктестермен тығыз әріптестікте жұмыс істеп жатқанымызға мақтанамыз", – деді ол.
Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады:
2027 жыл – жылдық қуаттылығы 250 мың тонна болатын бидайды терең өңдеу желісін іске қосу;
2028 жыл – жылдық қуаттылығы 80 мың тонна болатын бұршақ дақылдарын өңдеу желісін пайдалануға беру.
"Нәтижесінде кешен глютен, крахмал, лизин, өсімдік протеин изоляттары, құрамажем және басқа да жоғары қосылған құнды ингредиенттердің кең ауқымын өндіреді", - деп жазылған хабарламада.
Өнім ішкі нарыққа да жеткізіліп, ТМД елдеріне, Еуропалық одаққа, Солтүстік Америкаға және Оңтүстік-Шығыс Азияға экспортталады.
