Елордада «Itrade Consalting Group» ЖШС директорының үстінен 90 адамнан арыз түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Itrade Consalting Group» ЖШС директоры астаналық тұрғындардың сеніміне кіру арқылы ақшаларын иемденіп отырған.
«Күдікті 47 жастағы Қарағанды облысының тұрғыны екені белгілі болды. Иелігінде Алматы және өзге де қалаларда қаржылық сауаттылықты үйрететін фирмалар желісі бар. Қалаларды аралап, соның ішінде Нұр-Сұлтанға да келіп, семинарлар өткізген. Сол кезде келушілерді биржадағы активтерге қаражат салып, еселеп көбейтуге болатыны туралы насихат жүргізген. Оның есебінше, салымшылар биржаға салған қаржыдан 140, 190 пайызға дейін табыс алуы керек болған. Арызданушылардың ішінде 100 доллардан 150 000 долларға дейін ақша салғандар бар», - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Салған инвестициялары күткен табысты әкелмегенін түсінген салымшылар ақыры полицияға жүгінген. Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйел қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.
«Оның әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың саны нақтыланып жатыр. «Itrade Consalting Group» ЖШС әрекетінен зардап шеккен болсаңыздар, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция дпартаментіне 8-7172-71-63-35, 8-7172-71-62-85 немесе 102 телефоны бойынша хабарласыңыздар» - деп жазылған ведомство таратқан мәліметте.