01 қыр, 2017 сағат 15:34

Астанада «100 жаңа есімді» анықтауға арналған оффлайн акция басталды

Астанада «100 жаңа есімді» анықтауға арналған оффлайн акция басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның басты ерекшелігі ұйымдастырушылар халық көп шоғырланатын жерлерде арнайы анкета таратады. Кез келген адам оған өзінің немесе таныстарының үлгі боларлық тарихын жаза алады. Ал жиналған ақпарат кейін «Ел.кз» сайтында жарияланады. Жалпы дәл осы портал Елбасы мақаласында тапсырылған еліміздің «100 жаңа есімін» анықтауға білек сыбана кірісіп кетті. Бас-аяғы 2 айдың ішінде сайтқа мыңнан аса электронды өтініш келіп түскен. «Оффлайн акция бұл көрсеткіштің одан ары артуына және 100 жаңа есімге лайықты кейіпкерлерді табуға көмектеседі», – дейді ұйымдастырушылар.

Бэлла Орынбетова, ұйымдастырушы:

– Бұл жобада барлық адамдар қамтылу үшін оффлайнға шығып отырмыз. Астанадағы «Бәйтеректің» жанын қала қонақтары өте жиі келетіндіктен таңдадық. Сондықтан барынша ауқымды шара болсын деп, бүгін осы шараға шығып отырмыз. Біздің журналистер қала қонақтарынан, астаналықтардан өтінішті жазбаша алып, қағазға түсіріп алады, сосын оны сайтымызға саламыз.

Айта кетсек, «100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырды.

Жобаның басты мақсаты – Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту.