29 қар, 2018 сағат 17:01

Астана процесі Сириядағы соғыстың аяқталуын жақындата түсті - СІМ

Астана форматындағы келіссөздер Сирияда ұзаққа созылған соғыстың аяқталуын жақындата түсті. Бұл туралы бүгін елордада аяқталған Сирия бойынша Астана процесінің 11 раундын қорытындылаған ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қонақжай қазақ елінің бас ордасында ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раунды аяқталуда. Бұған дейін өткен 10 раундтардай, осы басқосу аясында сирияаралық келіссөздер үдерісіне қосымша серпіліс әкелетін, қарсыласушы тараптар арасындағы сенімді арттыратын, сондай-ақ қарапайым сириялықтардың өміріне оң әсер тигізетін маңызды нәтижелерге ие болу - ол қуантарлық жайт», - деді министр.

Қайрат Әбдірахмановтың атап өтуінше, Астана процесінің кепілгер елдерінің бірлескен күш-жігері мен жауапты көзқарасы Сирия шиеленісін реттеу жолындағы маңызды келісімдерді жүзеге асыруда көрініс табатындығы сөзсіз. Оның айқын дәлелдердің бірі - ол көптеген бейбіт сириялық азаматтардың құрбан болуына және елдегі гуманитарлық жағдайдың одан әрі ушығуына  жол бермеген Идлип жөніндегі уағдаластықтар.

«Сонымен қатар, тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау және із-түссіз жоғалғандарды іздестіру тобының жұмысы аясында жақында Алеппо провинциясында орын алған тұтқындар мен мәжбүрлеп ұсталған адамдармен алмасу іс-шарасын да атап өткен жөн деп санаймын. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, бүгінгі күні Астана форматындағы келіссөздер Сирияда ұзаққа созылған соғыстың аяқталуын жақындата түсетін бірегей тетік болып табылатынын айтуға толық негіз бар деп ойлаймын», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.