Ж.Массненің музыкасына XX ғасырдың көрнекті хореографы К.Макмилланның қойылымындағы ерекше көріністі «Манон» балеті «Астана Опера» театрында орын алған премьерасынан бастап-ақ көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жақында, 30 қаңтар күні, қызықты да тартымды спектакль театрдың Үлкен залында көрермен назарына ұсынылады.
Қоюшы балетмейстер Карл Бёрнетт өзінің сұхбатында әйгілі қойылым туралы, қазақстандық әртістермен жүргізген жұмысы жайында баяндап берді.
- Бёрнетт мырза, труппаның міндеті – балетті тұпнұсқалық күйде ұсыну. Осы тапсырманы әртістер қалай орындауда?
- Қазір қарқынды дайындық жұмыстары жүргізілуде, солистермен ұсақ-түйек жайттардың бәрін қоса толыққанды жұмыс жасаудамыз. «Манон» балетінде өте нәзік, бірақ ерекше маңызды дүниелер көп. «Астана Операның» балет труппасы өте мықты. Бұған дейін бірге әріптес болған адамдармен жұмыс жасау өте керемет, себебі арамызда менің өткен жолғы жұмыс барысымда орын алған өзара түсіністігіміз бар. Басты партияларды екі жыл бұрын орындаған солистер әзірлеп жатыр, қайта оралған кезімде біршама есейген әрі тәжірибе жинақтаған әртістермен кездесу қандай керемет еді. Қазір олар өз рөлдерін орындауда біраз кемелдікке жеткен. Әртістер сахнаға қандай да бір партияда бірнеше рет шыққан кезде, олар оны өн бойынан өткізіп, тәжірибе жинақтайды және атқарылған жұмыстар негізінде шын мәніндегі терең де мәнді бейнелер жасауы мүмкін.
- «Астана Опера» сахнасында өтетін «Манон» спектаклінің нұсқасына өзіңіздің кәсіби бағаңызды берсеңіз.
- Патрисия Руаннмен бірге осы спектакльдің қойылымын барша әлем бойынша түрлі труппалармен жүзеге асырып келеміз. Менің жадымда Астанадағы премьера туралы өте жағымды естеліктер сақталған. Сэр Кеннет Макмилланның өмірлік жары Дебора Макмиллан ханым да жұмыс нәтижесіне өте риза әрі сондай қуанышты болды. Балет труппасы әртістерінің өнеріне, сондай-ақ декорацияларды жаңарту бойынша жүргізілген жұмысқа да көңілі толды. Бұл мүлдем оңай дүние емес, Н.Георгиадистың қойылымы – өте күрделі екенін атап өткен жөн. Барлық жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілді, премьера сондай керемет өтті. Сәрсенбі күні спектакльді тамашалаған кезде де дәл осындай әсерде болатыныма сенімдімін.
Айта кетер болсам, Дебора ханым да балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың мені қойылым бойынша жұмыс жасауға әрі оның бастапқы күйін сақтап қалуға тағы да шақырғанына өте қуанышты болды. Қойылым жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін, бәріне ХХ ғасырдағы хореография өнерінің осындай жауһарынан ләззат алуға кеңес беремін.
- Осы жолы сіз нағыз қыстың ортасында келдіңіз, жергілікті климатқа үйрендіңіз бе? Елордалық театрда жұмыс жасау сізге қолайлы ма?
- Қазіргі таңда бәрі де жақсы жүріп жатыр. Бұл менің 2019 жылдағы алғашқы жұмысым. Аязды ауа райына қарамастан, таныс жерге қайта келу ұнайды. Есептеуімше, соңғы төрт жыл бойы қаңтар айын Астана, Мәскеу немесе Хельсинки сынды суық жерлерде бастаппын. Осылайша, жылдың мен үшін қатты қыс мезгілінен басталатынына үйреніп те кеттім, бұған қарсылығым да жоқ, себебі қарды жақсы көремін. Астанада бұл мәселенің қаншалықты жолға қойылғандығына таң қалдым: қар жауысымен-ақ оны тазалап үлгереді. Бұл жерде бәрі бұған сап дайын. Еуропада басқаша: қар жауса болды, барлық қозғалыс тоқтайды, ұшақтар да ұшпайды, автобустар да, пойыздар да жүрмейді.
Еске салар болсақ, Кеннет Макмиллан балетке арналған либреттоны аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың оқиғасы» романының желісі бойынша жазған. Оркестрге лайықтап, аранжировкасын жасаған – Мартин Йетс. Декорациялар және костюмдер бойынша суретші – Николас Георгиадис. «Астана Опера» сахнасында қойылымды жүзеге асырған балетмейстерлер Карл Бёрнетт, Патрисия Руанн. Декорациялар бойынша үйлестіруші – Чинциа Ло Фацио, костюмдер бойынша үйлестірушілер – Наталия Стюарт, Арасель Досмұратова, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.
30 қаңтар күні Манон партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева орындайды, кавалер де Грие – Олжас Тарланов. Леско – Арман Оразов, Лесконың көңілдесі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова. Г.М. мырза – Жәнібек Иманқұлов, Қарт мырза – Руслан Темірбеков, Қарауыл басшысы – Олжас Маханбетәлиев, Мадам – Алтынай Қағазбаева, Кедейлерді бастаушы – Бейбарыс Ақарыс. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Спектакльдің басталуы сағат 19:00-де.