29 қаз, 2020 сағат 17:48

Astana Open: Кукушкин турнирдің бірінші ракеткасын ұтты

Қазақстандық Михаил Кукушкин Astana Open ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік рейтингте 91-орында тұрған М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 28-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, франциялық Бенуа Пэрмен күш сынасты.

Бұл қарсыластардың өзара алғашқы кездесуі еді.

Бірінші партияны бастаған М.Кукушкин қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен сет барысында таразы басын теңестірді – 4:4. Тай-брейкте франциялық теннисші сәтті ойнады – 7:6 (7:4).

Екінші сетте де Бенуа Пэр брейкпен алға кетті – 3:0. Қазақстандық теннисші есепті қайта теңестірді – 4:4. Сосын тай-брейкте есесін жіберген жоқ – 7:6 (7:2).

Үшінші, шешуші партияны Кукушкин өте қарқынды өткізді – 6:1.

Тартысты бәсеке 2 сағат 14 минутқа созылды.

М.Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 98-ракеткасы, 21 жастағы финляндиялық Эмил Руусувуоримен таласады. Ол бірінші кездесуінде қазақстандық Тимофей Скатовты қиналмай (6:2, 6:0) жеңсе, бүгін әлемнің 60-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсоннан 6:2, 3:6, 6:4 есебімен айласын асырды. 

Жұмаға белгіленген ширек финалда сондай-ақ франциялық Адриан Маннарино мен америкалық Маккензи Макдональд, Беларусь өкілі Егор Герасимов пен америкалық Фрэнсис Тиафо, тағы бір америкалық Томми Пол мен аустралиялық Джон Миллман өзара шеберлік байқасады. 

Финалдық матч 1 қараша күні өтеді.