Фото: ашық дереккөз
Астана – Новосибирск бағытындағы рейсте бортсеріктермен төбелес шығарған 27 жастағы әйелге 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Ult.kz Kozachkov Offside Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Оқиға 2025 жылғы 20 қазанда QazaqAir әуе компаниясының бортында болған. Ресейге ұшып бара жатқан Нұрсұлу Имаматдинова бортсеріктермен сыраға байланысты жанжалдасқан. Оның айтуынша, стюардесса стаканды дұрыс ұстап ұсынбаған, бұл жолаушыға ұнамаған.
Алдымен ол ыдысты ауыстыруды талап етіп, кейін бортсеріктің қолынан стаканды жұлып алып, лақтырып жіберген. Осыдан соң тағы да сыра құюды талап еткен. Бортсеріктердің бас тартуы төбелеске ұласқан. Оқиғаны ұшақтағы өзге жолаушылар ұялы телефонға түсіріп алған.
Аталған әрекеттерден кейін Нұрсұлу Имаматдиноваға қатысты әуе кемесінің бортында жасалған бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша оған 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген.
Алайда сот отырысында судья Артур Әбдіханов жаза түрін жеңілдетіп, айыпталушыға 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сот шешіміне сәйкес, ол екі бортсерікке әрқайсысына 1 миллион теңгеден моральдық шығын өтемақысын төлеуі тиіс.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
