Вашингтонда алғаш өткен Дүниежүзілік банктің «Цифрлы дәуірдегі басқару» GovTech форумында Астана мемлекеттік қызмет хабы әлемдік қаржы ұйымының ғаламдық әріптесі ретінде танылды.
GovTech саласындағы әлемнің жетекші зерттеушілері, новаторлары мен практиктері тұрақты және әділетті келешек үшін идея алмасып, мемлекеттік секторда цифрлы трансформацияны қалыптастыру мақсатында жиналды.
Жиынға Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов қатысты. Форумда, оның сөзіне қарағанда, «жаңа технологиялардың қоғамның үкіметке сенімін нығайтуға да пайдалы екендігі айтылған». «Бұл істе үкімет пен жеке компаниялардың әріптестік орнатуы маңызды. Себебі, зерттеулер жеке компаниялардың технологияларына сенім, орташа алғанда, үкіметтік құралдарға қарағанда жоғары екендігін көрсеткен», - деді Алихан Байменов. Ол сонымен бірге Астана мемлекеттік қызмет хабына Дүниежүзілік банктің жаһандық әріптесі атануы үлкен құрмет екенін жеткізді.
Сапар барысында Алихан Байменов пен ҚР Президенті әкімшілігі мемлекеттік басқару бөлімі жетекшісі Альтаир Ахметов АҚШ кадр қызметі Кеңсесі (ОРМ) жоғарғы жетекшілері - Роб Шрайвер, Марк Ламберт және басқа қызметкерлермен кездесті. OPM өкілдері америкалық мемлекеттік қызмет жүйесі ерекшеліктерін, оның ішінде кадрларды іріктеу мен бағалау үдерісі жайлы баяндады. Оған қоса олар жоғарғы мемлекеттік қызмет (Senior Exeсutive Service - Қазақстандағы «А» корпусы баламасы) жұмысына тоқталды. Тараптар ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жолдарын, оның ішінде Қазақстан мен аймақ елдері мемлекеттік қызметшілері біліктіліктерін арттыру бағдарламалары туралы пікір алмасты.
АҚШ - Астана хабы құрылтайшыларының бірі, бұл елдің мемлекеттік қызметті жетілдірудегі озық тәжірибесі аймақ елдері үшін бенчмарк саналады.